Азия чемпионатына Седов пен Уланов қатысады

Азия чемпионатына Седов пен Уланов қатысады
Фото: m.vesti.kz

24-30 сәуір аралығында Өзбекстан астанасы Ташкентте ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтеді. Жарыста Рио Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынатын болады.

Ташкенттегі Азия чемпионатына 15 салмақ дәрежесі бойынша (8 салмақта – ерлер, 7 салмақта – әйелдер) 32 елден 300-ге жуық спортшы қатысады. Олимпиаданың 13 жолдамасының иегерлері анықталады.

Қазақстан құрамасы Азия чемпионатына 5 спортшымен баратыны айтылған болатын. Алайда бүгін белгілі болғандай, Ташкенттегі додаға Владимир Седов (94 келі) пен Денис Уланов (85 келі) қана қатысатыны хабарланды. Альберт Линдер маусым айында Тблисиде өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысуды жөн деп шешсе, Мария Грабовецкая мен Рустем Сыбай жарақатына байланысты Азия чемпионатына бара алмайтын болды.

- Біздің спортшыларға бір ғана мақсат қойылып отыр. Ол -  қатысу, Олимпиадаға бару мүмкіндігін орындау. Азия чемпионатында жолдама да таратылады. Алайда біздің құрама Риодағы додаға толық құрамда баруға жолдама иеленіп қойған. Сондықтан, бұл жарыстағы мақсатымыз – қатысу ғана, - деді бас жаттықтырушы Алексей Ни.

Денис Уланов 28 сәуір күні, Владимир Седов 29 сәуір жарыс жолына шығады. Спортшыларымыздың өнерін тікелей эфирде «KazSport» арнасы көрсететін болады.  

Ө. Сансызбай